Референдум: партиялар арасында саяси бәсекелестік артады

Конституциялық референдумға еліміздің әрбір азаматы қатысуы керек. Өйткені өзгертілгелі отырған ата заң келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Текелі қаласындағы өндіріс орындарында болған Қазақстан Халық партиясының өкілдері осылай деді. Көпшілікпен кездескен олар мемлекеттің басты құжатына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттілігі азайып, Парламенттің құзыреті кеңейіп, атқарушы органдардың ісіне бақылау күшейтілетінін атап өтті. Сонымен қатар партиялар арасында саяси бәсекелестік артатынын жеткізді. Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, реформаның мәні мен маңыздылығы туралы айтты.

Ғазиз Құлахметов, Қазақстан Халық партиясының мүшесі:

– Мұны референдумға шығармай Мәжіліс депутаттарының заң шығару құқығын пайдалану арқылы бекітуге болатын еді. Бірақ бұл жердегі маңызды мәселе қоғамдық саяси процесстерге 107 адам тағдырын шешетіндей емес, жалпы халықтық бұл жауапкершілікті адамдардың барлығы өздерін сезініп, осы референдумға бару қажеттілігін насихаттау, яғни бұл өзіміздің қажеттілігімізден туған саналы таңдауымыз.