Ақтауда кәсіпорын ұжымына жалпыұлттық референдумның маңыздылығы түсіндірілді

Ақтауды сумен қамтып отырған энергокомбинат ұжымына конституциялық реформалар бойынша жалпыұлттық референдум не үшін өткізілетіні туралы айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуге Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қатысты. Оның айтуынша, реформа елімізге үлкен өзгерістер әкелері сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық өз тағдырын өзі шеше алатындай жағдай жасау үшін осындай іс-шара өткізгелі тұр. Оған қатысу баршамызға ортақ міндет. Айта кетейік, аталған кәсіпорын бірнеше елді мекенді ауыз су, тоқ және жылумен жабдықтап отыр. Бұл жерде 4 мыңдай адам жұмыс істейді.  

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қажеттігі меніңше, осы Маңғыстаудан басталған оқиғадан басталып кетті. Бұл жерде халықтың саяси мәдениеті өте жоғары деп айтуға болады және де басқа да біраз аймақтармен салыстырғанда бұл жерде реформаға көзқарасы да жылы деп айтсам қателеспеймін. Қаңтар оқиғасы еліміздегі саяси жүйенің кемшілігі қаншалықты тереңдеп кеткендігін ашып көрсетті.