Украинаның Қазақстандағы елшісінің қазақстандық блогерге сұхбатында айтқан сөздерін айыптаймыз – ҚХА

Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы үндеулерге жол беруге болмайды деп санаймыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бүгін осындай мәлімдеме жасады.

Айта кетейік, елші жуырда берген өз сұхбатында қазақстандықтарды ұлтаралық араздық тудыруға шақырған еді. Ал Ассамблея кеңесі арнайы хабарлама дайындап, онда «бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды» деді.

"Барлық қазақстандықты дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз" дейді Ассамблея мүшелері.