ТМД елдерінің қозғаушы күші де, драйвері де жастар – Шолпан-Атадағы форум

ТМД елдерінің қозғаушы күші де, драйвері де жастар – Шолпан-Атадағы форум

Жастарды қолдау – болашақтың іргетасын қалау. Сондықтан олардың қазіргі хал-ахуалы, білімі мен кәсібі бәріне маңызды. Бүгін қырғыз жерінде өткен жастар форумында осындай түйткілді мәселелер қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастарды қолдау – болашақты бағамдау. Себебі ТМД елдерінің қозғаушы күші де, драйвері де солар. Шолпан-Атада өткен форумда спикерлер осылай деді. Жалпы жиынға қатысушылар қозғаған мәселе көп. Соның бірі жас мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлерді қолдау. «Креативті жастар» деген атаумен өткен сессияда сарапшылар өз кәсіпорындары мен ұйымдары жеткен жетістіктермен бөлісті. Сондай-ақ ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде креативті индустрияны дамытудың жолдары жайлы сөз қозғады.  

Марья Жунусова, қазақстандық делегат:

Дискуссия қызық болды. Өйткені өзім де стартапта қызмет етемін. Негізі осында келуіміздің себебі пікір алмасып, тәжірибемізбен бөлісу. «Astana Hub» өкілі ретінде Қазақстанда айти-кәсіпкерлерге жасалып жатқан мемлекеттік қолдау жайлы айтып беру. 

Іс-шара барысында экономиканы нығайтып, коронавирус дағдарысынан кейінгі даму жағы да талқыланды. Себебі дәл қазір ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бизнесті ілгерілету басты міндеттердің бірі. Ал ол үшін жастар кәсіпкерлігін жолға қою аса маңызды, дейді форумға қатысушылар.

Мады Толомушов, Қырғыз Республикасының кәсіпкері:

– Бүгінгі форум кәсіпкерлерге жаңа нарық пен көптеген мүмкіндік ашып отыр. Әлемде болып жатқан ахуалды ескерсек, қазір көбі Ресей нарығынан кетіп жатыр. Осы ретте біз өзімізді сол жерде сынап көргіміз келеді.

Түс ауа қатысушылар топ-топқа бөлініп, өз жобаларын ұсынды. Үздік деп танылғандарына 4 миллион теңгеге дейін қаржылай грант беріледі.

Чубак Темиров, Қырғыз Республикасы жоғары технологиялар паркінің директоры:

Мақсатымыз интеграциялық шешімдер ұсыну. Қазір осы жерде түрлі қор бар, Еуразиялық экономикалық комиссия бар. Олар жобаларды қарап, саралайды. Ал біз ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ елдері аумағында кеңейту бойынша көмектесуге тырысамыз.

Жастар форумы аясында өзекті мәселелердің тиімді тетіктері талқыланып, сондай-ақ түрлі тренигтер, инвестиция тарту мен робототехника бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.

Авторлары: Вероника Боярова, Жандос Кайролла