Қазақстан – Қытай: стратегиялық әріптестік нығайып келеді

Қытай соңғы 2 жылда Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды. Еліміздің шетелмен жалпы сауда айналымының 20 процентін осы елдің үлесі құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтар айында қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин үшін бұл пандемиядан кейінгі алғашқы офлайн форматтағы сапар болғалы тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысын Бейжіңдегі Қысқы олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан кезде шақырған болатын.

Мао Нин, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Қазіргі сапар Қытай коммунистік партиясының ХХ съезінің қарсаңында жүзеге асқалы отыр. Бұл еліміздің сыртқы саясатындағы жоғары деңгейде өткелі отырған шараның бірі және Қытайдың Шанхай ынтымақтастық ұйымымен, Қазақстан және Өзбекстан елімен қарым-қатынасқа үлкен мән беретінін көрсетеді.

Пандемия басталғалы шетелге әлі бірде-бір рет шықпаған Си Цзиньпин осы сапарда Орталық Азияның екі мемлекетіне бірден барып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Алғаш болып Қазақстанға келмек. Қытай Халықаралық мәселелер жөніндегі академиясы сарапшысының пікірінше бұл кездейсоқ емес.

Ли Цзыго, Қытай халықаралық мәселелер академиясы Еуразия институтының директоры:

– Көрші елдермен қарым-қатынасқа баса мән беру – Қытай дипломатиясының басты ерекшелігі. Қазақстан шекаралас жатқан ел және ең ірі мемлекет. 9 жыл бұрын Си Цзиньпин Жібек жолы экономикалық белдеуі бастамасын Қазақстанға барған сапарында көтерген еді. Біздің мемлекеттер Шанхай ынытымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары сынды ұйымдарға мүше.

Си Цзиньпин Қазақстанға алғаш рет осыдан 9 жыл бұрын келген. Содан бері елімізге 4 рет ат басын тірепті. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде көрші мемлекетке екі рет барып қайтты. Қос ел арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік негізінде дамып келеді. Шекара мәселесі толығымен шешілген. 

Ли Цзыго, Қытай халықаралық мәселелер академиясы Еуразия институтының директоры:

– Биыл жаһанда және Еуразия аймағында түрлі оқиғалар болды. Қытай мен Қазақстан жаңа сын-қатерлерге қарсы тұру үшін стратегиялық тұрғыдан бірлесіп әрекет етуі қажет. Қазіргі сапар осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, халықаралық және аймақтық мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастықты күшейтіп, аймақтық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.

30 жылда орныққан дипломатиялық қарым-қатынастың арқасында екі ел арасындағы тауар айналым 70 есе артты. Ал өткен жылы Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі атанды. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында еліміз арқылы Еуропа, Иран, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайға өтетін 11 халықаралық транспорттық бағыт ашылды. Енді шекара арқылы өтетін үшінші теміржол салу көзделген. Сондай-ақ пандемияға қарамастан басқа да салаларға инвестиция тарту көзделіп отыр.

Куаныш Амантай, Қытайдағы «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ бас өкілі:

– Жалпы екі ел арасында мемлекетаралық инвестициялық жобалардағы ынтымақтастықты қолдау механизмі бар. Осының аясында іске қосылған жобалардың жалпы сомасы 4 миллиардтан асады. Бұл жобалардың ішінде Қазақстанда бұрын шығарылмаған тауарлардың түрлері бар. Мәселен, шыны шығару, бірігіп әр түрлі тағамда қолданылатын майларды шығару, таза және жасыл энергетика түрлерінің көздерін салып, оларды дамытуда. Сонымен қатар 15 жоба бізде қазір құрылыс барысында деп айтсақ болады. Осы жылдың соңына дейін шамамен 8-9 жоба іске қосылуы жоспарланған.

Мемлекетаралық ынтымақтастыққа коронавирус пандемиясы кедергі келтіруде. Егер бұрын екі ел арасында 14 әуе рейсі болса , қазір олардың саны қысқарды. 3 жыл онлайн білім алған қазақстандық студенттер Қытайдағы оқуына қайта орала бастады.

Авторы: Ботагоз Сыргабаева