Қостанайда президент сайлауын ұйымдастыруды пысықтауға арналған көшпелі семинар өтті

Онда заңнамадағы өзгерістер, сайлау науқаны кезіндегі негізгі қағидалар жайында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс бойынша дауыс беру құқына ие адам саны  580 мыңнан асады. Бүгінде 170 сайлау учаскесі қажетті кеңсе техникасы, жоғары жылдамдықты интернет байланысымен қамтылған. Мобильді топтардың күшімен бес мыңдай азаматтың тұрғылықты жерін ауыстырғаны белгілі болды. Олар мекен-жайы бойынша дауыс берушілер тізіміне тіркелді. Семинарға облыстағы аумақтық комиссия төрағалары мен осы саяси науқанды жүзеге асыруға қатысатын басқа да құзырлы мекемелердің өкілдері қатысты.      

Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Орталық сайлау комиссиясының басты ұстанымы –әкімшілік нұсқаумен жұмыс істеуге жол бермеу. Әр адам өзін сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Егер болмаса, онда өтініш толтырады. Жергілікті атқару органдары ешкімді күштеп мәжбүрлемейді. Таңдау жасау әркімнің құқығы.