Әлихан Смайылов ШЫҰ елдерін азық-түлік қауіпсіздігі үшін күш біріктіруге шақырды

Әлихан Смайылов Шанхай Ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күш біріктіруге шақырды.

Премьер-министр осы ұйымға кіретін мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысында сөз сөйлеп, дәл қазіргі кезеңде үйлесімді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытта Қазақстан ауылшаруашылығы әлеуетін пайдалана отырып, ортақ іске үлес қосуға дайын екенін білдірді. Енді алғашқы қадам ретінде селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы әзірленуі мүмкін. Оның айтуынша пандемия мен басқа да сын-қатерлерге қарамастан Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы кеңістігінде дамуыдың жоғары динамикасы сақталып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ұйымға мүше елдер арасындағы тауарайналымының құны 50 миллиард доллардан асқан.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бүгінгі таңда географиясы кеңейіп келе жатқан ШЫҰ қарқынды дамып жатқан халықаралық платформа болып табылады. Ұйым алдағы онжылдықтарда өсуі мен дамуы әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатын елдерді біріктіреді. Біздің елдеріміз жаңа мүмкіндіктерді аша отырып, бір-біріне қолдау көресетуі керек. Бүгінгі таңда қабылданып жатқан шешімдер мен қол қойылған құжаттар біздің кооперациямызды тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін.