Алматыда көлік зауытының құрылысы басталды

Елде көлік арзандауға тиіс. Өйткені темір тұлпарды шеттен тасу азаяды, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Мұның бір себебі — шанақты өзіміз дәнекерлеп, өзіміз бояймыз. Бұрын мұндай болмаған. Көлік шығаратын зауыт Алматыда бой көтереді. Іргетасын бүгін Мемлекет басшысы қойды. Алатау бауырынан Қорған Қонысбайұлы сөз алады.    

Қорған Қонысбайұлы:

- Бұл — Алматының индустриялды аймағы. Мына тақыр жерде 2 жылда зауыт тұрады. Кәсіпорынның құрылысы енді басталды. 2025 жылдың ортасында бұл жерден алғашқы көліктер шығарыла бастайды.

Қазақ: «Бітер істің басына - жақсы келер қасына» деген. Бүгін түс ауа Мемлекет басшысы Алматыға келіп, зауыттың құрылысын бастап берді.

Қыркүйекте Қытай Төрағасы елімізге келгенде біздегі көлік компаниясы қытайлық көшбасшы үш кәсіпорынмен келісім жасады. Нәтижесі міне, Алматыда зауыт салынады.

Көрші елден шығатын 3 түрлі темір тұлпардың 9 моделі енді Алатау бөктерінде құрастырылады.

Бізде «Жеңілдетілген автонесие» бағдарламасы бар. Мынадай жаңа көліктерді алуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Осы несиеден дәмелі болып, биыл 35 мыңдай адам өтініш берген. 14 мың азаматтың өтініші мақұлданыпты. Сұраныстың көптігі сонша, қаржы лимиті екі айда таусылды. Яғни көлік тапшы. Әрі Ресейден әлемдік авто гиганттар кетіп жатқан соң, көрші елде автоөндіріс тұралады. Демек олар да бізден көлік әкетеді. Бұл да нарыққа қосымша салмақ.  

Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

- 4% автонесие беру деген ғажайып дүние. Бірақ сұраныс көп, отандық көлік тапшы. Қазір қарашада жағдайды бақылаймыз, егер дефицит болып жатса, көлік бағасы тағы өсетін болады.

Алматыда бой көретін жаңа зауыт көлік тапшылығын шеше ала ма? Басшылары: «Иә», — деді. Зауытта жылына 90 мың көлік шығарылады. 60% экспортталады. Қалғаны ішкі нарыққа кетеді. Яғни сұранысты қамтамасыз етуге болады. 9 модельдің шанағы осы жерде боялып, денекерленеді. Енді бой көтеретін кәсіпорынның ерекшелігі де осы. 

Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:

- Қазақстанда 90 мың 100% автокөліктерді шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен шығару ол бірінші рет болып тұр. Ол практика бағаға жақсы әсер етеді. Өйткені қазіргі кезде көліктердің қосалқы бөлшектері үлкен проблема болып тұр ғой. Логистикаға қатты әсер етіп тұр. Мысалы, бір контейнерге 3-4 көлік қана сыяды. Ал егер оны бөлшектеп-бөлшектеп, детальдерді әкелсек, ол логистикада пайдасы тиеді. Бір контейнерге 7-8 машина сыйып кетеді. 1 контейнер қазір Кореядан Қазақстанға әкелу 7-8 мың доллар. Қытайдан 3-4 мың доллар болып тұр. Зауыт ашылғаннан кейін 15% дейін бағасы түсу керек.

«Қазақ көлікті шеттен тек дайын күйде әкеледі. Өзімізде түк шығармаймыз» деген сынды жиі естейміз. Шынымен де қазір бөлшектерді Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей, Еуропадан тасимыз. Енді бұл олқылықтың орны толады. Шанақты түгел өзімізде бояп, денекерлеумен шектелмейміз. Алдағы уақытта осы индустриялды аймақта көлікке қажетті бөлшек шығаратын бірнеше зауыт салынады. Шамамен 2024 жылдың ортасында темір тұлпардың орындығы, пластик бұйымдары, мультимедиялық жүйесі Алматыда жасалады. Тиісінше жоғарыда айтқандай баға да түседі.

Елімізде 5 млн жуық жеңіл темір тұлпар тіркелсе, оның жартысынан астамы — 20 жылдан артық жүрген көліктер. Бүгін іргетасы қаланған мына зауыт сол ескірген автопаркті жаңартуға септігін тигізбек.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев, Ділмұрат Сейдаханов