Оңтүстік Кореяға оқуға барған қазақ студенттерінің саны артқан

Кейінгі екі жылда Оңтүстік Кореяға оқуға барған қазақ студенттерінің саны артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге әлі жетпеді. Кореяда бүгін қанша қазақстандық студент бар? Отандастарымыз шетелдің үкіметтік шәкіртақысын қалай ала алады?

Оңтүстік Корея Білім министрлігінің мәліметінше, қазір елде 862 қазақстандық студент оқиды. Соның 600-ден астамы бакалавр бағарламасы бойынша білім алып жатыр. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Сеулде оқиды. Өйткені Кореяның ең үздік жоғары оқу орындары осында орналасқан.

Оңтүстік Корея үкіметінен шәкіртақы алғандардың қатарында Әлібек Нұғманов бар. Еуразия ұлттық университетінің түлегі Кореяда грантқа оқуға түсудің қыр-сырымен бөлісті. Ол үшін корей тілін жетік меңгеріп, белсенді болу керек. Яғни волонтерлікпен айналысқан жөн. Ал ынталандыру хатында Әлібек ЭКСПО-2017 көрмесіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Әлібек Нұғманов, магистрант:

- Ең бастысы  Корея мәдениетіне деген қызығушылық болу керек. Одан кейін әрине корей тілін оқып, университетте үлгерімі жақсы болу қажет.

 Жергілікті талап бойынша магистранттарға қосымша табыс табуға тыйым салынған, бірақ Әлібектің айтуынша, үкіметтен алатын мың доллар шәкіртақы оған жетеді. Бұл ақшаның үштен бірі жатақханадан бөлме жалдауға кетеді. Университет асханасының арқасында тамаққа да көп қаржы жұмсалмайды. Негізі Кореяда басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстандық студент аз. Мұнда білім алып жатқандар саны бойынша алғашқы үштікке Қытай, Вьетнам мен Өзбекстан азаматтары кіреді.

Юн Мён Сук, Оңтүстік Корея Білім министрлігі жанындағы комиссияның мүшесі:

- Қазақстанда корей мәдени орталығы жұмыс істейді, корей мәдениеті мен тіліне деген қызығушылық артып келед. Десе де, грантқа түсуге ниет білдіріп жатқан қазақ студенттерінің саны айтарлықтай көп емес. Қазақстан университеттерінің шамамен 20%-дан астамы Корея университеттерімен келісім-шарт жасасқанын білемін. Кореяда алмасу бағдарламасы бойынша оқуға болады. Кореяда IT, мәдениет, цифрландыру, индустрия, денсаулық сақтау жақсы дамыған.

Әлібек Кореяға оқуға былтыр қыркүйекте барған. Келесі жылы ол магистратураны аяқтау керек. Содан кейін ол өз арманын орындауға кірісетінін айтады. Яғни Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосады.

Авторлары: Влалдислав Цой, Ольга Лян