2023 жыл былтырға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ – Ерлан Қарин

Мұны Мемлекеттік Кеңесші өзінің телеграм арнасында жазды. Ерлан Қарин Президенттің жаңғырту бағдарламасын іске асыру жалғасады. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі,- дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасын табады. 14 қаңтарда Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтеді. Содан соң бірінші жартыжылдықта Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтуге тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн. Биылдан бастап пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ.