Билікте бірқатар ауыс-түйіс болды

Бүгін үкіметте бірқатар ауыс-түйіс болды.

Премьер-министр орынбасары тағайындалып, бес министр ауысты. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына тағайындалды. Ол 2019 жылдан бері Премьер-Министр Кеңсесін басқарып келген. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қызметінен босатылды. Бұл лауазымға Зүлфия Сүлейменова келді. Су жаңа министр 1990 жылы дүниеге келген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері болып бастаған. Былтырдан бері Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарып келді. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды. Енді ведомстваны Ғани Бектайұлы Бей-сембаев басқарады. Ол былтыр наурыздан бері осы министр-ліктің вице-министрі қызметін атқарып келді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та қызметінен босады. Енді ведомстваны Марат Қара-баев басқарады. Ол 1987 жылы дүниеге келген. 2021 жылдың шілдесінен бері Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған.  

Мәдениет және Спорт министрі де ауысты. Дәурен Абаевтың орнына, Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Оралов келді. Ол бұған дейін "Аманат" партиясының атқарушы хатшысы болды. 1990 жылы дүниеге келген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. 

Ал Әділет министрі лауазымына Азамат Есқараев тағайындалды. Ол бұған дейін Премьер-министр кеңсесінде заң бөлімінің меңгерушісі болған. Айта кетейік, Бұған дейін министрлікті басқарған, Қанат Мусин 30 желтоқсанда қызметінен босатылып, Конституциялық соттың судьясы лауазымына тағайындалған еді.