Президент жаңа министрлерді қабылдады

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған министрлерді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында министрліктердің жауапкершілігіндегі мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа геология және жер қойнауын пайдалану саласын реттеу, тұрғын-үй құрылысының көлемін арттыруды тапсырды.

Экология және табиғи ресурстар министріне су мәселесі саясатын реттеуді жүктеді.

Ал Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа бұқаралық спорт пен мәдениет саласын дамытуды міндеттесе, жаңа Оқу-ағарту министріне «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Әділет министрі Азамат Есқараевқа заңнама және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді міндеттеді. Президент  азаматтармен тығыз жұмыс істеп  мәселелерді уақытылы шешу қажеттігін айтып кездесуді түйіндеді.