Қаңтар оқиғасына бір жыл толды
Былтыр дәл осы уақытта халқымыз тәуелсіз ел тарихындағы қилы күндерді бастан өткерген еді. Алматы қаласымен қатар бірнеше облыстың орталығы отқа оранып, дүрбелеңнен 238 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бас прокуратура таратқан мәліметке сай күштік құрылым органдарының 19 қызметкері, 219 бейбіт тұрғын көз жұмды. Оның 22-сі – кездейсоқ оққа ұшқандар. Жалпы "Қаңтар оқиғаcы" бойынша 673 іс сотқа жіберіліп, 1113 адам сотталды. 127 қылмыстық іс тергеу сатысында тұр. Сондай-ақ қазіргі уақытта 1 071 адамға рақымшылық жасалды. Саясаттанушы Талғат Жанысбай: "Қаңтар оқиғасын ұйымдастыру арқылы Отанға опасыздық жасаған арнайы топтар құпия түрде тексеріліп жатқанын айтады. Құзырлы органдар таяу уақытта нақты мәліметтерді жария етуге тиіс және шын кінәлілер міндетті түрде жазалануы қажет", - деген пікірін білдірді.
Талғат Жанысбай, саясаттанушы:
- Әні-міні дегенше 1 жыл да өтті. Бұл енді тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы үлкен оқиға болды десек қателеспейміз. Өйткені алдағы уақытта бұндай жағдай болмасын. Жалпы елімізді бірлікке шақыру керек. Геосаяси жағдай қазір аймақтарда белең алып жатыр. Сондықтан осындай мәселелерді еліміз айналып өту үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігімізді арттыруымыз керек.
Бүгін Қаңтар оқиғасы бойынша Мәжілісте арнайы тыңдау өтеді. Жиында Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшылары есеп береді. Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруді талап еткен болатын.