Ербол Ержанов Қаңтар оқиғасында ерлікпен қаза тапты

Қаңтар оқиғасы кезінде қарулы топ Талдықорғандағы тергеу изоляторын басып алмақ болды. Қызметкерлерден қаруын тастап, өз еркімен берілуін талап етті. Бірақ басқыншылардың ойы орындалмады. Керісінше қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің тегеурінді қарсылығына тап болды. Шабуыл кезінде әділет прапоршигі Ербол Төлеубекұлы Ержанов қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңтар оқиғасы Төлеубек қарияны жалғыз ұлынан, келінін 23 жыл отасқан жолдасынан, балаларын асқар таудай әкесінен айырды. Ет жүректі езіп, қабырғаны қайыстырған қазадан соң отбасы енді ғана ес жиып, еңсе тіктеп келеді. Марқұм Ербол Ержанов ет жақындарының жадында жарқын бейнесімен, ақкөңіл әрі достығына адал азамат ретінде қалды.  

Гүлім Ержанова, Е. Ержановтың жары:

- Аузын ашса жүрегі көрінетін. Досы көп болатын. Досы қалса, жаны қалмайтын. Қызын қатты еркелететін. Бір ауыз сөз сөйлеткізбейтін. Өзінің ақылы бар өзі біледі. Патриот болатын. Жұмыс десе, адамгершілігі мол адал еді.

Ербол Ержанов Талдықорғандағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мекемесінде табан аудармастан 22 жыл еңбек етті. Оның өз мамандығына жан тәнімен берілгені сонша зейнет жасы жақындағанда өтініш жазып қызметтік өтілін ұзартқызған екен. Алайда сол бейнетінің қызығын көре алмай кетті. Зейнетке шығуы тиіс күннің ертесінде қандықол қылмыскерлердің атқан оғынан қаза тапты.

Жәнібек Қосжанов, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары:

- Өзіміздің тәлімгер қызметкерден айрылдық десе де болады. Жүрегі үлкен. Толығымен айтуға болады Ербол бауырымыз ерлікпен қаза тапты деп. Бұл көз алдымызда болған жағдай. Ербол бауырымыз бар, Байбосынов Дидар, Мырзабеков Мәулен, Маңғатов Қуаныш, Ержан Есенов барлығы алдыңғы қатарда тұрып соны тойтара білді. Ержүрек қызметкерлердің арқасында келген содырлар біздің қайсарлығымызды көріп, бас сұға алмайтынын біліп кері шегінді.

Қызмет бабында қаза тапқан жауынгер ұлды қаруластары еш ұмытқан емес. Ұдайы келіп, туған-туыстарына сый құрметін көрсетіп тұрады. Отбасы ер азаматынан айрылса да ел жұртының қамқорлығын сезініп отыр.

Төлеубек Ержанұлы, Е. Ержановтың әкесі:

- Үкімет телевизордан халыққа айтқандарын бәрін берді. Үй берді, 5 млн ақшасын берді. Одан кейін «Айбын» орденін берді. Қапшағай Заречный қаласында Ербол балама ас берді, тас орнатты, одан кейін жарыстар ұйымдастырып жатыр. Аудан әкімшілігі өткізді. Еске алып жатыр. Қайғыны бөліссе азаяды дейді ғой. Сол сияқты бөлісіп азайып жатыр.

Ербол Ержановтың ұлы Ернұр еліміздегі радиоэлектроника және байланыс институттың төртінші курсында білім алып жатыр. Оқуын тәмәмдаған соң жас офицер әке жолын жалғап, әскери салада еңбек етпек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.