Мәжілісте қаңтар қасіретіне арналған көрме ұйымдастырылды

Бүгін Мәжілісте қаңтар қасіретіне арналған көрме ұйымдастырылды.

Парламентке қанды оқиға кезінде тәркіленген суық қарулар әкелінді. Мұнымен жұмыс біткен жоқ. Қару-жарақ әлі де іздестіріліп жатыр. Сонымен осы кезге дейін қаншасы тәркіленді? 

Қорған Қонысбайұлы @Korgantore:

- Сол қасіретті күндерде органдар мен дүкендерден қару-жарақ ұрланғаны белгілі. Осы кезге дейін соның 4160-ы табылып, тәркіленді. Көрмеге соның тек 170-і әкелінген. Ішінде тапаншадан бастап, снайперлік винтовкаға дейін бар.

Баласынан айырылған ана...

Қасіретті күндерде 238 адам опат болды. Бұл ресми дерек. Құқық қорғау органдары мен қорғаныс министрлігі тарапынан 19 азамат қаза тапты. Соның ішінде Гүлсім Сейталиеваның ұлы бар. Алматы полиция департаментінің қызметкері болған Нұрболсын Алмасов 7 қаңтарға қараған түні Көк-Төбе телемұнарасын күзету кезінде көз жұмған. Нұрболсын ішкі істер органдарында небәрі 8 ай ғана қызмет етіп, қыршын кетті.

Гүлсім Сейталиева, марқұм Нұрболсын Алмасовтың анасы:

- Кішкентайынан оның арманы болып еді. Сол полиция болам деген арманы болған. Арманына жетті. Полиция болды. Жақсы жұмысын істеді. Өте бір жақсы көріп жұмыс істеді бұл жұмысты. Енді мынадай болып кетеді деп ойламадық. Үйлендіріп үлгірмей қалдым. Март айында үйлендіремін деген едім. Үлгірмей қалдым. 

Қасіретті көзбен көргендердің бірі Нұрбол Әбдіразақ. Әріптесін көз алдында КАМАЗ езіп өткен.

Нұрбол Әбдіразақ, Қызылорда қаласы Ақсай полиция бөлімінің бастығы:

Екі мыңға жуық қару іздестіріліп жатыр

Қаралы қаңтардың айғақтары алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Парламентке кәдімгі түпнұсқалары әкелінді. Көрмеге полицейлердің өртеніп, жыртылған киімдері, гранатомет, тас тиіп, оқ тескен қалқандар қойылды.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

- Қызметтік және де осы азаматтық дүкендерден ұрланған қарудың табылмаған саны 1900-ден астам ғана қалды. Барлық ұрланған қаруды табуға тырысамыз.

Қаңтар оқиғасы кезінде 1466 ғимаратқа шабуыл жасалды

Қару жасырылған 200-ден астам нысан табылған. Ұрланған қарудың негізгі бөлігі Тараз бен Талдықорғанда тәркіленді. Қасқөйлер бұл қаруды бірден аудандық полиция басқармаларына және полиция департаментіне жасалған жаңа шабуыл кезінде қолданған. Жалпы Қаңтар оқиғасы кезінде елде 1466 ғимарат қирады. Оның 1395-і бизнес субъектісі, 71-і мемлекеттік мекеме. Кәсіпкерлік нысандарына келтірілген залал 100 млрд теңгеге жетті.

Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев,  Ақылбек Есемсейітов