Президент Ішкі істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президентке ведомствоның былтыр атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде есеп берілді.Мемлекет басшысына құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Бұл шаралар елімізде кісі өлтіру қылмыстарының санын айтарлықтай азайтуға ықпал етті. Сондай-ақ ұрлыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу жұмыстары күшейтілді.Марат Ахметжановтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстың шығу себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға басымдық бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерін өзгерту нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 басшысы  мен 114 мүшесі тұтқындалды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың, ауылдық жерлердегі қылмыстың кез келген көрінісі  бойынша алдын алу шараларын қабылдаудың және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өтті. Президент бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырды.