Сенат депутаттары сайланады

Бүгін 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының мәслихаттары Парламент Сенатының депутаттарын сайлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астана уақытымен сағат 10-да учаскелер ашылып, 11:00-де дауыс беру рәсімі басталады. Жалпы тізімде 55 кандидат бар, сондай-ақ 3168 таңдаушы тіркелген. Жоғарғы палата депутаттығына үміткерлердің 30%-і – әйел. 1 мандатқа 3 кандидаттан келіп отыр. Үміткерлер 50%-тен аса дауыс жинауға тиіс. Барлығы 20 депутат сайланады. Дауыс беру 1 күн ішінде өткізіледі, нәтижесі 20 қаңтарға дейін жарияланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі.

20 өңірдің мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы 20 сенаторды сайлайды. Тізімдегі 55 кандидатты партиялар мен қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы ұсынды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев  1 орынға 3 кандидаттан келуі бәсекелестіктің барын білдіретінін айтты. 30%-і әйел болуы да құптарлық үрдіс, - деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- 20 сенатор негізінен жаңа адамдар болады деп айтуға толық негіз бар. Бұл  енді жаңғырудың белгісі. Қоғамда жаңа адамдарға деген сұраныс бар. Сондықтан осы 20 адам негізінен ол жаңадан Сенатқа, Парламентке келіп жатқан адамдар болады. Президентіміздің квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқаратын болады. Сол 10 адамның ішінде 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен тағайындалады.

Мәулен Әшімбаев жоғарғы палатаға барлық өңірден өкілдер келуінің маңыздылығына тоқталды. Себебі олар әрбір аймақтың жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерінен хабардар. Палата спикері сенаторлар өңір тұрғындарының мүддесі үшін жұмыс істейтінін баса айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Біз палата депутаттары болып осы мәселелердің шешу жолдарын қарастырамыз. Сенаттың құндылығы осында. Аймақтарда проблемалар жетерлік. Екібастұз, Қаратау, Жаңатаста қандай апатты жағдайлар болғанын білеміз. Электр, байланыс желілері, жылу орталықтарының мәселелері бар. Ал осы өңірлерден келген адамдар жергілікті деңгейдегі ерекшеліктермен етене таныс.

Сенат депутаттығына үміткердің жасы 30-дан асқан болуы тиіс. Жоғары білімі, кемі 5 жыл жұмыс өтілі бар, соңғы 10 жылда ел аумағында және 3 жыл тиісті өңірде тұрақты тұруы міндетті. Үміткер 50%-тен аса дауыс жинауы қажет.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3168 мәслихат депутаты енгізілді. Олардың едәуір басым бөлігі Түркістан облысынан 317 және Қостанай облысында 263 таңдаушы. Сайлау туралы конституциялық заңның 38-бабының 4-тармағына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру 1 күннің ішінде өткізіледі. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.

Сонымен, 14 қаңтар күні республиканың барлық өңірінде Астана уақытымен таңғы сағат 10-да учаскелер ашылып, 11:00-де дауыс беру рәсімі басталады. Сайлау қорытындысы 20 қаңтарға дейін жарияланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 6 жыл. Олардың жартысы 3 жыл сайын қайта сайланып отырады.

Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев.