Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы сапар барысында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесіп, келіссөз жүргізеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ел басшылары Қазақстан мен Әмірлік арасындағы қарым-қатынастың барлық қалтарысын талқылап, маңызды салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөз жүргізбек. Сауда-экономикалық көрсеткіштерге келсек, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 600 млн доллардан асты. Қазақстан Әмірліктерге шикі мұнай, мырыш, қой мен ешкі етін сатады, ал біз бұл елден тыңайтқыштар мен автокөлік бөлшектерін импорттаймыз. Сондай-ақ Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне де қатысады. Жиында мемлекет басшылары мен саясаткерлер және кәсіпкерлер бас қосып, климаттың өзгеруімен күрес төңірегінде пікір алмасады. Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапары барысында Әмірліктің ірі бизнес өкілдерімен де кездеседі деп жоспарланып отыр.