Қ.Тоқаев: Қазақстан сутегінің ірі экспортері атануға әзір
Қазақстан «жасыл» мұнай атанған сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады.
Бүгін бұл жайында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы жиынға жиналғандарға таза энергия төңірегіндегі Қазақстанның жоспарларын жариялады. Оның айтуынша, Қазақстан 2035 жылға қарай 6,5 гигаватт жаңартылған энергия көздерін қосады. Президент бұл бағытта инвесторларға тиімді әрі ұтымды шарттар әзірленіп жатқанын жеткізді. Қазір Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндіріледі. Дегенмен деді президент, өнеркәсіп пен экономика өзгереді. Оның айтуынша, өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне жаңа Экологиялық кодекс ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Қазақстан жаңартылатын және баламалы энергия көздерін көбейтіп, ұдайы дамытып отыр. Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады.