«Қазақстан халқына» қорына бір жыл толды

Ауыр және сирек дертке шалдыққан 130 қазақстандық дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді. 

60 адам бионикалық протездер алды. Бұл – бір жыл бұрын құрылған "Қазақстан халқына" қоры атқарған жұмыстың бір бөлігі. Бұдан бөлек, қор тағы 6 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.  

4 жасар Әлішерге нейробластома диагнозы қойылған. Ол жүйке жүйесінде болатын қатерлі ісік. Ауыр дерттің салдарынан балаға бірнеше операция жасалып, 8 рет химиотерапия курсы тағайындалған. Қазір де бала астанада қымбат ем қабылдап жатыр. 

Айнұр Оразалина, қала тұрғыны:

- Біріншісі әрине қиындау болды. Бала тамақ ішпеді,жүрек айну,әртүрлі побочкалар болды. Қазір Аллаға шүкір,жақсы болып келе жатыр. Квотамен барлық дәрілерді тегін беріп жатыр. Барлығы 5 курс. Тегін препаратты беріп жатыр. 

Шетелде мұндай ем 450 млн теңге тұрады. Ал өз елімізде  бала тегін ем алып жатыр. Дәрінің ақшасын Қазақстан Халқына қоры бөлсе, процедуралар мен басқа медициналық көмек квота бойынша берілген. "Осымен емнің екінші курс қабылдап жатқан баланың жағдайы жаман емес", – дейді анасы.  

Құндыз Шайхызада, Ана мен бала орталығының онкология бөлімінің меңгерушісі:

- Қазіргі таңда нейробластома соңғы емдеудің құралы бұл имунотаргет емі болып табылады. Оны «Карзиба» дәрісімен жүргізеді. Бұл дәрі-дәрмекті «Қазақстан халқына» қоры фонды арқылы сатып алынады. Бастапқыда бізге нейробластома диагнозымен түскен кезде біз осы фонд арқылы науқастар тізімін беріп,қаншалықты мөлшерде бұл бізге керек болады, қай уақытта бастаймызды алдын ала деректер беріп кейін ем тағайындаймыз. 

Ал Ержігін былтыр құрылған қордың арқасында жаң апротездер алған. 13 жыл бұрын ол саркома ауруы салдарынан аяғынан айырылған. Содан бері протезбен жүреді.

Ержігіт Мұхамедия, Ақмола облысының тұрғыны:

- Менің протезбен жүргеніме 13 жыл болды. Оны үш жыл сайын ауыстырамын. Осы аралықта нешеуін қойғызғаным да есімде жоқ. Өте көп. Бірақ жаңа протездермен тез жүріп, шапшаң қимылдауға болады. Сондайқ ол құлап бара жатсаң ұстап қалып, тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Ал бағасы қымбат. Тізе тұсындағы бөлігі мен төменгі жағын белгілі бір уақыт аралығында ауыстыру керек. Бұған жастардың жағдайы келмейді. Сондықтан «Қазақстан халқына қорының» қаржыландыруымен отандық компанияға тапсырыс беріп, жасатқан протез жақсы болды. 

Болашақта қор еліміздің барлық онкологиялық орталықтарын заманауи сәулелік жабдықтармен қайта жарақтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, биыл басталған көздің мүйізді қабығын трансплантациялау бағдарламасына 400 млн теңге бөлуді көздейді. 

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы:

- Қаңтар айында Асфендияров институтында көздің мүйізді қабығын трансплантациялау бойынша операциялар жүргізіле бастады. Біз көзі көрмей қалу қаупі бар азаматтарымызға осындай трансплантациялау жобасын жүзеге асырамыз. Елде 1500 адам операцияға мұқтаж, олардың 300-і көздің мүйізді қабығын ауыстыру туралы шешім қабылады. Олардың бәріне осындай операция жасалады.

Бұдан бөлек қор білім беру бағытында да жұмыс істейді. Екі мың түлек білім беру гранттарын алды, ал бес облыстың студенті ең жоғары сұраныстағы жүздеген халықаралық білім беру онлайн-курстарына қол жеткізеді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Наурызбай Құрманғазы