Сараптама нәтижесінде еліміз бойынша 29 млрд теңге үнемделді

Мемлекеттік мекеме қызметкерлері креслоға 38 млн теңге жұмсап, оқу кабинетін 400 млн теңгеге жабдықтап, кітаптар жиынтығын 60 млн-ға сатып алғысы келген.

Қазына қаражатын есепсіз шығындамақ болған шенеуніктердің әрекетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент мамандары анықтады. 

Семейдегі мәдениет сарайының басшылығы 150 мың теңгелік креслоны 38 миллионға сатып алмақ болған. Сонымен қатар ғимарат құрылысына арналған жобалау қызметін 1 млрд теңгеге бағалапты. 

Рүстем Тоқбергенов, ҚР СЖҚ Іс-қимыл агенттігі Абай облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Мұндай жұмыстар 10 млн теңгеден аспайды. Республика бойынша мониторинг жасадық. Бағаның шектен тыс көтерілгенін анықтадық. Ұсынысымызды осы мекеменің басшылығына жолдадық. Олар қайта қарап, мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. 

Ал Шымкенттегі білім беру ұйымы 446 миллион 400 мың теңгеге «Өзін - өзі тану» кабинетін жабдықтамақ болған. Қомақты қаржы күмән тудырған соң ұсыныс хат жазылып қаражат көлемі азайтылды. Мамандар сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін цифрландыруды жетілдіріп, автоматтандыру жүйесін кеңейту керек деп есептейді. 

Асқар Айтымбетов, ҚР СЖҚ Іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаментінің бас маманы:  

- Статистикаға сүйенсек, 2019-2022 жылдар кезеңінде тапсырыс берушілермен сатып алу веб-порталы арқылы, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың әрекеттеріне 11 мыңға жуық шағым берілген. Олардың 53% Мемлекеттік сатып алу басқармасына бағытталған.

Ақмола облысында да мемлекеттік тапсырыс аясында қаржылық құйтырқылыққа барған 44 мекеме анықталды. Олар сатып алынатын тауар бағасын көтермелеп көрсеткен. Мәселен, «Оқжетпес» сауықтыру кешенінде қойдың 1 келі етін 4200 теңгеден алу жоспарланған. Осындай фактілер өзге де мекемелерде кездеседі. Алдын алу жұмыстары нәтижесінде өңірде бір млрд теңге үнемделді. 

Айдос Жақиялин, ҚР СЖҚ Іс-қимыл агенттігі Ақмола облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Біз ешқандай мемлекеттік мекемеменің жұмысына араласпаймыз. Ең бастысы, бұл жұмыс қаржыны жоспарлау кезінде іске асады. Яғни мемлекеттік сатып алуды тоқтатпаймыз. Тек ондағы қаржының жүйелі жұмсалуын қадағалаймыз. 

Аталған аймақтардың ішінде ең көп қаражат үнемдеген Жетісу облысының департамент қызметкерлері. Олар 2 млрд теңгенің тиімді жұмсалуына ықпал еткен. Қаржының тең жартысына жуығы білім басқармасына, қалғаны 69 мекемеге тиесілі. Мәселен, Сарқан ауданындағылар бір кітаптың жиынтығын алуға 60 млн теңге бөлмек болыпты.

Мақсат Жебегенов, ҚР СЖҚ Іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаментінің басшысы:

- Негізгі мақсатымыз мемлекет қаражатын тиімді пайдалану және жымқыруын болдырмау. СКЛ Бұл ретте 2022 жыл бойынша 2 млрдтан астам мемлекет қаражаты үнемделген.

Департамент қызметкерлері «Біріңғай сатып алу терезесі» порталы арқылы мемлекеттік мекемелердің тауар алуға жариялаған жоспарына сараптама жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде Абай облысынан 460 млн, Оңтүстік Қазақстаннан 1 млрд 600 млн, ал еліміз бойынша 29 млрд теңге үнемделді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов