Парламент сайлауы: Саяси партиялар мәлімдеме жасады

Елдегі бірқатар саяси партия кезектен тыс мәжіліс депутаттарынының сайлауына қатысты мәлімдеме жасап, Президенттің шешіміне қолдау білдірді.

«Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов саяси науқанды тұрақты дамудың кепілі деп, мемлекет басшысымен бірге Әділетті Қазақстанды құруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, партия алдағы сайлауда бәсекеге қабілетті, адал және ашық күреске дайын екенін айтты.

Ерлан Қошанов, «Аманат» партиясының төрағасы:

- Бұл сайлау азаматтардың әділдікке деген сенімін бекемдейді. Бұл сайлау саяси экономикалық монополияның тамырына балта шабады. Бұл сайлау жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады. Ең бастысы қоғамда, түрлі саяси күштермен сайлаушылар да осы саяси науқанның жүгі мен жауапкершілігін терең сезінуі керек. 

Ал «Ак жол» демократиялық партиясы болса, сайлау жаңа саяси жүйенің қалыптасуын аяқтауға тиіс екенін атады. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі науқанға қатысатындарын айтты. Наурызда өтетін мәжіліс депутаттарының сайлауын Қазақстан халық партиясы да қолдап, оған қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Ермұхамед Ертісбаевтың пікірінше, қазір елдің институционалдық болашағы шешіліп жатыр.