Қ. Тоқаев: Бастамаларға қоғам өкілдері қолдау білдірді

«Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді». Сенатта сөз алған Мемлекет басшысы осылай деді.

Ол Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болатынын айтты. Бүгінде елімізде партия құру ісіне тың серпін берілді. Соның нәтижесінде бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Мемлекет басшысы осынау бастамаларға қоғам өкілдерінің қолдау білдіруі зор сенімнің көрінісі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі. Біздің осы бастамаларымызға қоғам өкілдері қолдау білдірді. Ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. Соның арқасында бірнеше жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі ауқымды жұмыс бар.