«Ауыл» партиясы 5 жылдық тұжырымдама жобасын бекітті
Ауыл шаруашылығы саласын дамытып, халық табысын арттыру және онда тұруға қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Елді мекендердегі азаматтардың жағдайы күн тәртібіндегі басты мәселе болуы керек. Мұны «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков саяси ұйым өткізген жиында айтты.
Оның сөзінше, соңғы 20 жылда ауыл саны 7743-тен 6293-ке қысқарған. Бұл тұрғыда партия еліміздегі ауылдардың ахуалын жақсартудың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдама жобасын бекітті.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДП партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Егер де ауылда табыс болатын болса, ол жерде халық қалады. Келешекте, мысалы, ауылдағы жағдайларды жөндейміз десек, кешенді түрде көзқарас болу керек. Бір ауылға барады да, суды жөндейді, екінші ауылда жолды жөндейді, үшіншіде балабақшаны. Неге кешенді түрде бір ауылға кіріп, бәрін басынан бастап аяғына дейін жөндемеске? Одан кейін екінші, үшінші ауылдарға көшеді. Сол кезде халыққа көрнекті болады.