Ә.Смайылов М.Мишустинмен кездесті
Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Еуразиялық үкіметаралық кеңес отрысы аясында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Қазір екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның даму қарқыны жақсы. «Бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының зор әлеуетін көрсетеді, біз оны белсенді түрде қолдап, дамытуымыз қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Қос елдің арасындағы тауар айналымы өткен жылдың 11 айында 24 млрд долларға жетті. Бұл жылдағы көрсеткіштен 7 процентке артық. Сондай-ақ, өнеркәсіптік кооперацияның даму қарқыны да артып келеді. Нәтижесінде жалпы құны 1 млрд АҚШ долларына жуық 26 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 5 мың жаңа жұмыс орнының құрылуына негіз болды. Сонымен бірге құны шамамен 23 млрд АҚШ доллары болатын 84 ірі жоба пысықталып, іске асырылуда. Осы жобалардың негізінде 24 мың жаңа жұмыс орны пайда болады деп күтілуде.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің Төрағасы:
- Негізгі басымдықтарымыздың бірі – Қазақстанмен қарым-қатынасты әрі қарай нығайта түсу. Біздің ынтымақтастығымыз достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық принциптеріне негізделген. Екі ел арасында өзара сауда-саттық табысты дамып келеді. Бұл ретте біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, көлік және басқа да салаларда жаңа өндірістік тізбектер құруды жеделдету маңызды деп санаймыз.