Жаңа заң аясында кедендік баж мөлшері есепке алынады
Кедендік баждардың сомасы есепке алынады. Әрі оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібі бірлескен түрде бақыланады. Бүгін Сенат отырысында депутаттар келісімді ратификациялау туралы Заңды мақұлдады.
Жаңа заң аясында салыққа бірлескен түрде бақылау жүргізіледі. Бөлуге жататын кедендік баждардың сомасы мүше мемлекеттердің уәкілетті органының бірыңғай шотына есепке алынады. Одақ аясында салықты бөлу тетігі енгізіледі. Әрі бюджет қаражатының заңдылығын қатаң түрде бақылауға мүмкіндік болады. Былтыр кедендік баждан біздің қазынаға 291,6 млрд теңге салық түскен. Төңіректегі экономикалық дағдарыстың салдарынан салық көлемі азайып кеткен.
Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- ЕАЭО мүше мемлекеттер үшін кедендік баждарды бөлу кірістердің келесі пайыздық көрсеткіші белгіленді. Армения – 1,2%. Беларусь – 4,8%. Қазақстан – 6,9%. Қырғызстан – 1,9%. Ресей – 85%. Сауда және интеграция министрлігімен қатар басқа да тиісті мемлекеттік органдарға Еуразиялық комиссия алаңында келіп түсетін кедендік төлемдерді бөлу бағытында Қазақстанның үлесін ұлғайту мәселесін қарастыру қажет деп санаймын.