Қазақстанның гуманитарлық жүгі Сирияға толықтай жеткізілді
Кеше түнде Ұлттық гвардияның әскери-көлік ұшағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Алеппо қаласына төртінші рейсін жасады. Бортта 15 тонна азық-түлік болған. Осымен Сирияға жеткізілген гуманитарлық жүктің жалпы көлемі 55 тоннаға жетті. Көмекті жергілікті Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы зардап шеккен тұрғындарға таратады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға гуманитарлық жүктерді шұғыл жеткізу бойынша операцияны аяқтады. Аса күрделі геосаяси жағдайда тұрған елге көмек көрсету туралы шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған болатын. Гуманитарлық жүкті жеткізуді ұйымдастыруда негізгі жұмыс Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, атап айтқанда, Ливандағы дипломатиялық миссиясына жүктелді. Штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Сирияның үкіметтік құрылымдарымен байланыстарды жүзеге асырды.
Расул Жұмалы, ҚР Ливандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Сириядағы жағдайдың күрделілігі тек мынау жер сілкінісімен шектелмейді, өкінішке қарай. Соңғы 11 жылда мұнда азаматтық соғыс жалғасып жатыр. Соның кесірінен мына қауіпсіздік мәселесі, ұйымдастырушылық қиындар өте көп болды. Сириялық әріптестер алғысын білдіре отырып, бізге барлық мүмкіндіктер жасады. Сириялық тарап, халқы, азаматтары, басшылығы алғысын да ризашылығын да білдіріп отыр.
Қазір Алеппода іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Бірақ зардап шеккен адамдар қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қаладағы жүздеген ғимарат жарамсыз болып қалған. Қалқайып тұрғандарында өмір сүру мүмкін емес. Себебі кез келген уақытта құлауы мүмкін. Бір ғана Алеппода баспанасынан айырылған адамдардың саны 10 мыңнан асады.
Махир Хайато, Алеппо губернаторының атқару кеңсесінің басшысы:
- Ең алдымен, үйлері қираған азаматтарды қолдау керек. Оларды уақытша баспанамен, тамақпен қамтамасыз ету керек. Дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықтарға қажеттілік жоғары. Көптеген адамдар жарақат алды, науқастар да бар.
Алеппо губернаторы, Сирияның жер сілкінісінің салдарын өз күшімен қалпына келтіре алмайтынын атап айтты. Зілзаладан зардап шеккен Түркиямен салыстырғанда Сирияға көмек қолын созып жатқанда көп емес. Олардың қатарында араб мемлекеттері, Иран мен Ресей бар. Әуе арқылы гуманитарлық жүк елдегі 2 әуежайға – Алеппо мен Латакияға келеді. Жердегі көліктер үшін Түркия шекарасындағы Баб әл-Хауа өткізу пункті ғана ашық. Күні кеше ғана Сирия билігі елдің бақылаудан тыс аумақтарында тағы 2 шекараны ашуға келісті.
Ерлан Байдаулет, Азық қауіпсіздігі жөніндегі Ислам халықаралық ұйымының бас директоры:
- Біздің жалпы стратегиялық жұмыстарымыздың бірі – қайырымдылық, азық-түлік, көмек беру саласында. Осыған қатысты 9 ақпанда біздің мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өкіметке және біздің ұйымымызға осындай тапсырма бергеннен кейін келесі күні біз Алеппо қаласына жеттік. Әрине, қазіргі жағдай бізге өте маңызды. Барлық мұсылман елдері бірігіп, қиын жағдайда сириялықтарға көмектесу парызымыз деп ойлаймыз.
Осы аптада Сауд Арабиясының астанасында зілзаладан зардап шеккен елдердегі күрделі жағдайға байланысты ауқымды конференция өтеді. Қазақстан атынан бүгінде 57 мемлекет кіретін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қатысады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Жакупов.