ОСК Respublica партиясы ұсынған үміткерлер тізімін бекітті

Орталық сайлау комиссиясы Respublica партиясы ұсынған кандидаттарды тіркеді. Мәжіліс сайлауына партияның атынан 25 үміткердің құжаттары өткізілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін оның 23-і бекітілсе, 2 адам өз өтініштері бойынша партиялық тізімнен шығарылды. Тіркелгендердің 34,8%-і – әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар. Заңға сәйкес белгіленген квота сақталды. Сонымен қатар комиссия отырысында шетелдік байқаушыларды тіркеу мәселелері де қаралды.

Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін 6 шет мемлекет және 3 халықаралық ұйымнан 72 байқаушы ресми тіркелген. Бүгін бұл тізім тағы да толықты.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігінен 3 шет мемлекеттен 7 байқаушыны тіркеуден өткізу ұсынылған болатын. Армения республикасынан – 2 және Грузиядан – 2 байқаушы. Аталған мемлекеттердің сайлау комиссиясы мүшелері мен өкілдері және Франция елінен – 3 кандидатура. Олардың ішінде құрметті елші мырза мен дипломаттар тіркеуге ұсынылды.