Қ. Тоқаев Түркі мемлекеттер ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен барады.

Алқалы жиында соңғы кезде өзекті деген негізгі мәселелер талқыланбақ. Нақтырақ айтқанда, апат пен төтенше жағдайла кезінде бір-біріне гуманитарлық көмек көрсетудегі басым бағыттар қаралады. Яғни, төнген қауіпке бірігіп күресу жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіру мен нығайту жайы қаузалады деп күтіледі.

Ұлы дала жерінен шыққан түбі бір түркі елдері осы аптада Анадолыда бас қоспақ. Яғни, наурыздың 16 күні Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтеді. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері бұл ұйымның аясында биыл жыл соңында бас қосулары керек еді. Мерейтойлық 10-шы отырыс біздің елде өтеді. Дегенмен, қазір аумалы-төкпелі кезеңде түркі бауырлардың бірігіп, кезектен тыс талқылайтын мәселелері де баршылық. Ертеңгі  басқосуға сол негіз болып отыр. Саммит алдында түркиялық сарапшылар өз ойларымен бөлісіп, жиыннан не күтетіндерін айтуда.

Фырат Пурташ, Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің профессоры:

- Коронавирус пандемиясы кезінде әлемнің көптеген елдері сауда-саттық бойынша жабық шекара қағидатын ұстанды. Ал түркі мемлекеттері болса өз алыс-берістерін тоқтатқан жоқ. Дегенмен, тауар айналымы 3-4 процент қана болды. Бұл өте аз. Оны арттыру керек. Біз түрлі әлемдік дағдарысты шеше алатын ұйымға айналуымыз керек.

Түркияда бір ай бұрын болған жер сілкінісі жаһан жұртының қабырғасын қайыстырды. Зілзала 46 мыңнан астам түркиялық азаматтың өмірін жалмады. Өкінішке қарай қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар да бар. Апат салдарымен күресіп, үйінді астында қалған жандарды құтқару үшін түркі елдері жұдырық болып жұмыла білді. Қолдан келгендерін аямады. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қазақстаннан 100-ден астам маман жіберілген болатын. Олар үйінді астынан 7 адамды тірідей алып шықса, 88 азаматтың жансыз денесін тапқан.

Түркі елдері басшыларының да кезектен тыс жиналуына басты себеп - осы табиғи апат. Нақтырақ айтсақ, ертең Анкарада өтетін саммитте ұйымның апат пен төтенше жағдайлар менеджменті және гуманитарлық көмек саласындағы қызметінің басым бағыттары қаралады. Яғни, табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруге және нығайтуға қатысты мәселелер талқыланбақ. Сарапшылардың айтуынша, ұйым үшін маңызды деген ортақ шешімдер қабылдануы тиіс.

Месут Емре Каракөсе Сахипкыран, стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы:

- Түркияда жер сілкінісі болған кезде, ең бірінші болып көмекке осы түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер болды. Енді бұл келелі кеңесте табиғи апаттар кезінде жәрдем беру сынды мәселелер қаузалмақ. Айталық, сел, зілзала, орман өрттері кезінде ұйымға мүше мемлекеттер бір-біріне қалай көмек көрсете алады? Мүмкін бір ортақ қор құру керек шығар? Жылдам бірлескен іс-әрекет қалай жүзеге асырылуы керек? Осы сұрақтар жіті талқыланатын болады.  Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ деген қазақ аталарымыздың жақсы нақыл сөзі бар. Сондықтан алда болуы мүмкін табиғи апаттар кезінде біз не жасай аламыз? Сол мәселе қарастырылуы керек.

Жалпы айта кету керек, түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен баратын Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, алқалы жиыннан бөлек Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен де екі жақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бахытбек Нұртаев