Елдегі саяси шарадан Малайзиядағы қазақстандықтар да тыс қалмады

Елде өтіп жатқан саяси шарадан Малайзиядағы қазақстандықтар да тыс қалмады. Куала-Лумпурде орналасқан Қазақстан елшілігінің ғимаратында, №259 сайлау учаскесі таңғы жетіден жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлау учаскесіне 150-ге жуық қазақстандық дауыс беруге ниет білдіріп, ресми тіркелген. Малайзияда еңбек етіп жүрген қазақстандықтар кәсіпкер азаматтар мен қазақ диаспорасының өкілдерінен бөлек, дауыс берушілердің басым бөлігі – осы елде, білім алып жатқан студент жастар. Солардың бірі – Дильназ. 18-ге енді толған жас өрен өміріндегі алғашқы саяси таңдауын жасады.

Дильназ Бағдатшова, 1-курс студенті:

- Бүгін ең бірінші рет келіп отырмын дауыс беруге, Малайзия елінде. Менің ойымша, бүгінгі сайлау келешек ұрпаққа, өз таңдауына, еліміздің дамуына көмектеседі деп ойлаймын. Қазақстанда болмасам да, өз таңдауымды жасауға, елімді дамытуға өз үлесімді қостым деп ойлаймын.

Арсен Тұрғамбаев, Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы:

-  Елшілік ақпарттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізді, соның ішінде веб-порталында, әлеуметтік желілерде, жеке кездесулерде бүгінгі саяси науқанның өте маңызды екені ескерілді. Әр адам – құқық иесі. Сондықтан біздің елшілік осы біздің азаматтарымыздың құқықтарын білдіруге барынша жағдай жасады.