Азаматтардың 46,84%-і бюллетень алды. LIVE
Астана уақытымен сағат 14:00-дегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 47%-ке жуығы бюллетень алды. Бұл ақпаратты Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Осыдан 3 сағат бұрын ең белсенді өңірлер Түркістан, Қостанай, Жамбыл облыстары болған еді. Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша да Қостанай көшбасшылықты сақтап қалды. Тобыл өңірінде жұрттың 62%-тен астамы дауыс берген. Таңнан бері алғашқы үштікке іліне алмай келе жатқан Шығыс Қазақстан облысы 58,69%-пен екінші сатыға көтерілді. Ал үштікті бағанағыдай Жамбыл облысы түйіндеді. Әулиеата аймағында азаматтардың 58,32%-ке таңдауын жасаған.
Не керек, белсенділік 3 ірі қалада әлі де төмен. Мәселен Астанада 33 пайыздан сәл асса, Шымкентте 36%-тің шамасында. Алматыда тұрғындардың әзірге 15%-і ғана дауыс берген.
Саяси науқанның заңды өтуін 12 халықаралық ұйым мен 41 елден келген 793 байқаушы қадағалайды. Ал полиция барлық сайлау учаскесіндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр. Бұл іске 20 мыңға жуық тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Сарапшылар мынадай қызық дерек келтірді, осы жолғы депутаттардың орта жасы 46 болып тұр. Яғни, депутаттық корпус жасарады.
Атап өтейін, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына 7 партия қатысып жатыр. Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70%-і, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5%-тік межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал қалған 30%, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі. Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал қалалық, аудандық мәслихаттар 100% бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады.