Танымал тұлғалар таңдау жасады
Бір күндік таңдау келешекке жасалған бағыт.
Сондықтан ел азаматтары сайлаудан тыс қалмауы тиіс. Астаналық зиялы қауым өкілдері осылай дейді. Бүгін елге танымал тұлғалар азаматтық міндеттерін орындап, өз таңдауын жасады.
Таңмен таласа елордалық зиялы қауым өкілдері де өз учаскесіне келіп, дауыс берді. Алғашқылардың бірі болып жазушы-драматург Роза Мұқанова № 329 сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Қабырғалы қаламгер, бұл сайлаудың ел үшін маңызы зор, екенін айтады.
Роза Мұқанова, жазушы, драматург:
- Бүгін біз таңдауымызды жасадық. Халық өз таңдауын жасады. Бұл бізге не береді? Біз шын мәнінде бәсекеге қабілетті, саяси сауатты ұлт екенімізді көрсететін қадам бұл.
Дәулескер күйші Анар Мұздаханова, ел тағдырын халық болып шешетін маңызды күнде өзге азаматтарды дауыс беруге шақырды.
Анар Мұздаханова, күйші:
- Біріншіден, бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын. Бүгін сайлау күні. Осы сайлаудан күтетініміз жақсылық болса екен дейміз. Сондықтан қазағымыз аман болсын.
Ел тарихындағы айшықты сайлаудан Еуразия ұлттық университеті де тыс қалмады. Бас шаһардағы №1 учаскеде 3 мыңнан аса адам тіркелген. Оның дені белгілі оқу ордасының оқытушылары. Зиялылар елімізде басталған саяси өзгерістерге қолдау көрсету керек, дейді.
Серік Негимов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:
- Халық мемлекеттің тағдырын ойлау керек. Мемлекет халықтың жағдайын ойлау керек. Сондықтан да мен өзімнің Мен тарихи таңдауымды жасадым.
Серікзат Дүйсенғазы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі:
- Әрбір Қазақстанның азаматы демократиялық құндылықтарды құрметтеуі керек. Сол үшін мен өзімнің дауысымды беріп, таңдауымды жасадым. өзіме ұнаған бағдарламаға дауыс бердім. Енді сайлаушы ретінде келешекте соны талап ететін боламын.
Саяси науқанда белсенділік танытқан дарабоздар ел тағдырына ықпал етер маңызды шешімді қабылдауға, осылайша атсалысып жатыр.
Айнұр Қуатқызы