Саясаткерлер сайлау туралы сұрақтарға жауап берді

Елдің саяси элитасы да бүгін өз таңдауларын жасады.

Таңмен таласа сайлау учаскелеріне сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министр Әлихан Смайылов пен мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин барып, дауыс берді. Сондай-ақ саясаткерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, саяси науқан жайлы өз ойларын айтты.

Жексенбінің таңында барша халық мемлекет болашағы үшін өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне ағылды. Алдыңғы қатарларда ел тізгінін ұстаған саясаткерлерде болды. Мәселен, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Жоғарғы палата спикері бүгінгі саяси науқанның Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалар аясындағы, маңызды кезең екенін айтты. Соның айғағы болар, бір мандатты округтер бойынша үміткерлер саны рекордтық деңгейге жеткен.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жаңарған заңнама негізінде бүгінгі сайлау өтіп жатыр. Бұл сайлаудың үлкен жаңашылдықтарының бірі бір мандаттық округтардың кіргізіліп жатуы. Осындай өзгерістер қоғамның тарапынан жақсы қабылданып жатыр деп айтуға негіз бар.

Премьер-министр дауыс берді

Сондай-ақ Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та өз таңдауын жасады. Премьер-министр де №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Одан кейін Әлихан Смайылов қазіргі Министрлер кабинеті, отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл шешім Ата заңымыздың 70-ші бабына сәйкес қабылданды.

Мемлекеттік кеңесші дауыс берді

Дәл осы учаскеде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де дауыс берді. Ол Ұлттық кітапхана ғимаратына келіп, өз таңдауын жасаған алғашқылардың бірі болды. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, бұл сайлаудың арқасында, елімізде қоғамдық-саяси алаң кеңейеді. Парламентке жаңа депутаттардың келуі, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, сеп болады, деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Бір мандатты округтер бойынша сайлаудың өткізілуі, үміткерлердің ұсынылуы биылғы сайлаудың ерекшелігі. Азаматтардың сайлауға қатысуға мүмкіндіктерін кеңейтті. Өздеріңіз білесіздер, пропорционалды жүйе болғандықтан, партия мүшелері ғана сайлауға қатысатын еді, енді мына бір мандатты округтық сайлау енгізілгеннен кейін қарапайым азаматтар міндетті түрде бір партияның мүшесі емес, жай адамдардың да сайлауға түсуіне мүмкіндік ашылды. Бұл ең алдымен сайлау құқығының кеңеюінің белгісі.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл сайлау азаматтардың саяси қызығушылығын арттырады. Ал парламентке жаңа адамдар келіп, қабылданатын заңдардың сапасы жоғарылайды деген сенімде.

Риат Шони