Шетелдегі отандастарымыздың белсенділігі жоғары

Сыртта жүрген отандастарымыз бұл күні белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда.

Ресей астанасында бір жарым мың сайлаушы тіркеуден өткен. Бұл елде ең соңғы болып Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі учаскелер жабылады. Олар Астана уақытымен кешкі сағат он бірге дейін жұмыс істейді.

Гүлден Төлеген, көп балалы ана:

- Біз Ресей Федерациясына оқу барысымен келіп қалған болатынбыз. Шетелде болсақ та елімізде болып жатқан барлық ісшараларға қатысуға тырысамыз. Бүгін Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттарының сайлауына келіп отырмыз. Өзіміздің азаматтық борышымызды өтеуді парыз деп білеміз. Менің ойымша тәрбие отбасыдан басталады. Балалар елде болып жатқан шараларға қатысуға міндетті. Ол патриоттық рухты тәрбиелейді. Балалардың Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді.   

Түркиядағы Анкара, Ыстамбұл мен Анталия қалаларындағы сайлау учаскесінде азаматтардың басым бөлігі өз таңдауын жасады. Тіпті елдегі ауа райының қолайсыздығы да сайлауға қатысуға кедергі болмады. Дауыс берушілердің дені Түрік университеттерінде оқитын студенттер, халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар мен туристер.

Бақытжан Омар, халықаралық Түрксой ұйымының өкілі:

- Шетелде тұрып жатсақ та бүгінгі елімізде болып жатқан саяси науқанға белсенді түрде қатысып, өзіміздің таңдауымызды жасадық. Бүгінгі елшілікке келіп жатқанның көбісі жастар екен. Ол өте қуантады әрине. Бүгінгі беріп жатқан әрбір дауысы ол елімізде болып жатқан өзгерістерге оң әсерін тигізеді. Себебі әрбір дауыс еліміздің болашағы. Халықтың болашағы.

Ал Африка құрлығында дауыс беру  учаскесінде жұмыс енді қыза түскендей. Марокконың Рабат қаласында орналасқан № 411 сайлау бөлімшесінде 20-дан астам адамның дауыс беруі жоспарланған.