Сайлау сәтімен өтті
Бүгін ел азаматтары таңмен таласа сайлау учаскесінде дауыс беріп, депутатын таңдады.
Саяси науқанда Қостанай, Жамбыл және Қызылорда облыстарының тұрғындары белсенді болды. Әдеттегідей, 3 мегополистің көрсеткіші төмен.
Міне, халқымыз ел тарихындағы тағы бір маңызды сайлауды өткерді. Қалың қараша ұзын ырғасы 10 мыңнан аса сайлау учаскесінде дауыс беріп, болашағын таңдады. Таң құланиек берген сәттен-ақ, доданың қазаны қайнай бастады. Нәтижесінде, күні бойы электораттың жартысынан астамы өз даусын берді. Бұл 6 млн 521 мың адам. Сайлаудың әділ өтуін 41 мемлекет пен 12 халықарлық ұйымнан 700-ден астам байқаушы бақылады.
Бақтыбай Жайлау, қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы:
- Бұл жолғы сайлаудың ерекшілігі - өзін-өзі ұсыну арқылы түсіп жатқан кандидаттардың белсенділігінен де байқалады. Кейбір жерде бәріне де қарсымын деген дауысты таңдадым. Мұндай мүмкіндіктің берілгені бізді қуантады. Осындай таңдау мүмкіндігінің көбеюі арқылы біз демократияға қадам басамыз деп есептеймін.
Гүлзәт Қосшығұлова, М. Қозыбаев атындағы университеттің оқытушысы:
- Тұңғыш рет биыл ашылған екі партия қосылып жатыр. Яғни осы жылы басқа сайлауларға қарағанда шынымен ерекше бір сезім өзімде бар. Жастардың арасында жаңа бір толқынның пайда болғанын өзім сезіп тұрмын. Жан-жақты даму керек. Жаңа көзқарасты қажет ететін салалардың бірі ол- білім саласы әрине. Денсаулық сақтау, мәдениет саласы, спорт болсын барлық салалар даму керек.
Иә, бүгінгі саяси науқан аралас жүйе бойынша өтті. Сарапшылар сайлаудың басты артықшылығы осы дейді. Халық партияға ғана емес, жеке азаматтарға да дауыс беру мүмкіндіге ие болды. Енді мәжіліске 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен келеді. Сондай-ақ әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.
Айдарбек Әмірбек, саясаттанушы:
- Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың бірінші қадамы – олар өздері белсенді саясатқа қатысып, өздері нақты шешімдер қабылдап, бұрын тек қана партияның тізімімен өтетін болса, бұдан кейін өздері саяси билік құрылымдарында белсенді атсалысып, жергілікті деңгейде халықтың мәселесін шешуге толық күш-жігерін салады деген ең негізгі бір ерекшелігі болса керек.
Бақыт Әлмұратов, әлеуметтанушы:
- Бұл демократиялық жағынан да дұрыс нәрсе. Өйткені, бұл халықтың саяси белсенділігін арттырады. Қазір байқасаңыздар қазіргі сайлау бұрынғыға қарағанда дауыс берушілер көптеп келіп жатқанын көруге болады. Өйткені, үлкен бәсекелестік бар. Үгіт-насихат кезінде көптеген сайланушылар өздерінің үгіттерін белсендірек жүргізді.
Сайлау кезінде 25 заңбұзушылық тіркелді. Өзге адамдардың бюллетенін өткізіп, біреуге дауыс беруге талпынғандар ұсталды.Заң баршаға ортақ. Тәртіпке бағынбаған сайлау комиссияларының мүшелері де, заңбұзушы тұлғалар да жазаланады. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінен 57 азамат шығарылды. Олар комиссия мүшелерінің жұмысына кедергі жасаған, учаскеде бейне түсірілім жүргізіп, дөрекі мінез-құлық көрсеткен.
Жамбыл Тлепов, Жастар департаментінің директоры:
- Өзін ұсынған тізімді қарап отсақ,жастар өте көп. Бұл қуантады. Жастардың осындай мемлекетке қызмет етуге деген құштарлығын көрген кезде қуантады. Кезінде Мағжан Жұмабаев атамыздың сөзі ұран болып қалып кетті ғой мен жастарға сенемін деген. Осы сөз жүзеге асып жатыр деп ойлаймын.
Осылайша, кезекті сайлау аяқталды. Бұл жолы партиялар арасындағы тартысқа да, Мәжіліс депутаттЫғынан дәмелі азаматтардың арасындағы бәсекеге де куә болдық.Кандидаттар бір ай бойы белсенді болды. Енді осы бетінен таймай, сөзінен тайқымай сайлаушыларға үйіп төккен уәдесін орындау қалды. Қалың қараша содан үмітті. Уақыт көрсетер.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ербол Дайыров