Сайлау кезінде заң талаптарын бұзғандар жауапқа тартылды

Сайлау кезінде 25 заң бұзу дерегі тіркелді. Қазіргі уақытқа дейін 15 тұлға үш бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қалғандарын жауапқа тарту шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратурасының басқарма басшысы Азамат Сарғазин брифинг кезінде мәлімдеді.

Заңбұзушылықтың басым көпшілігі Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталып отыр.

Жалпы, сайлау күні Прокуратураға сайлауға қатысты 66 өтініш түскен. Оның басым көпшілігі заңсыз үгіт жұмыстарын жүргізуге қатысты.

Азамат Сарғазин, ҚР Бас прокуратурасының басқарма басшысы:

- Алматы облысында 8, СҚО 5, Ақтөбе, Жетісу, Шығыс Қазақстанда екеуден,  Алматы мен Шымкент қалаларында және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында біреуден. Олардың ішінен 15-і бойынша құқықбұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Алматы облысында бесеуі, СҚО үшеуі, Жетісу облысында екеуі, Алматы, Шымкент қаласы, Ақтөбе облысында Жамбыл, Түркістан облыстарында біреуден.

Сондай-ақ сайлау учаскелерінде заңға қайшы әрекет еткен 57 азамат анықталды. Олардың дені Астана қаласында. Елордада 21 тұлға комиссия мүшелерінің жұмысына кедергі жасаған, бейне түсірілім жүргізіп, дөрекі мінез-құлық көрсеткен.

Бұған дейін Әкімшілік полиция комитеті Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында бюллетендерді бүлдірудің 3 дерегі тіркелгендігін,  ал Ұлытау, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 4 азамат сайлау учаскесіне мас күйде келгендігін мәлімдеген болатын.