Германия мен Грузиядағы отандастарымыз өз таңдауын жасады
Германияда да бюллетеньдер саналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Берлинде сайлаушылардың 65%-і дауыс берді. Өзінің конституциялық құқығын пайдаланғандардың ішінде студенттер, осы елде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар, дипломаттар және олардың отбасылары бар. Германиядағы отандастырымыз Берлин, Майндағы Франкфурт және Мюнхенде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Шолпан Шынасылова, №247 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
- Келген сайлаушылардың саны өте жоғары. Біз өте ризамыз. Енді сайлаушылардың арасында бізде мына Берлинде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтар бар, қазақстандық студенттер Берлиндегі және басқа қалаларда оқитын жас студенттер бар. Сонымен қатар осы Берлинде істейтін дипломаттар және олардың отбасы мүшелері немесе ісспарамен жүрген кісілер де келіп дауыстарын берді.
Грузиядағы қазақстандықтар да сайлауда өздерінің таңдауын жасады. Бұл елде жалғыз сайлау учаскесі жұмыс істеді. Дауыс берушілердің ішінде жастар, әсіресе студенттер мен осы мемлекетте саяхаттап жүрген отандастарымыз көп болды. Парламенттік сайлау қазақстандықтар үшін өте маңызды. Сондықтан отандастарымыз демалыста жүрсе де, уақыт тауып өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Жазира Мырзақасымова, Грузиядағы Қазақстан елшілігінің жанындағы №277 сайлау учаскесінің төрайымы:
- Ең бірінші болып Грузияға іссапармен, туристік сапармен келген Қазақстан азаматтары дауыс берді. Сайлау Наурыз мейрамының алдында өтіп жатыр. Қазақстанда ұзақ мейрам күндері. Соған байланысты осы Грузияға қыдырып келген Қазақстан азаматтары да дауыс берді. Яғни, консулдық есепте тұрған азаматтардан басқа, Қазақстаннан осында уақытша келген азаматтар да дауыстарын берді.