Сайлауда байқаушылардың белсенділігі жоғары болды
Қазақстанда байқаушылар институты қалыптасып келеді. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Жиынды BAQYLA қоғамдық қозғалысы ұйымдастырды. Ұйым тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында сайлаудың өту барысын бақылады. Қоғамдық қозғалыс 5 мыңға жуық байқаушыларды дайындапты. Олар еліміздің 25 қаласында орналасқан 3 мыңнан аса сайлау учаскесін қамтыды. «Үміткерлер арасындағы бәсеке, саяси тартыс қалыпты жағдай. Бұл сайлаудың жаңа бағытқа бет алғанын көрсетеді», - деді саясаттанушы Мақсат Жақау.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Соңғы 19 жылда елімізде болмаған өте тартысты аралас сайлау жүйесі арқылы бізде барынша әрбір азаматтың қалауымен мейлі партиялық тізімге дауыс берсін, мейлі жеке қайраткерлерге дауыс берсін біздің елімізде барынша демократиялық кеңістікті кеңейтетін және ары қарай жаңа сатыларға өсіретін бастамасы басталды. Алғашқы есептер бойынша, 6 партия толығымен Парламентке өту мүмкіндігіне ие болып отыр. Сондықтан бұны біз дұрыс бағыт, дұрыс бастама деп қабылдауымыз керек.