Шетелдік байқаушылар сайлауға баға берді

Дауыс беру кезінде кедергілер мен қиындықтар болған жоқ. Сайлау учаскелерінің бәрі кәсіби әрі түсінікті жауап берді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы парламенттік ассамблея миссиясының үйлестірушісі Александр Маркевич осылай деді. Оның айтуынша, саяси науқан заңға және халықаралық нормаларға сәйкес өтті.

Александр Маркевич, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблея миссиясының  үйлестірушісі:

- Сайлау Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық нормаларға сәйкес өтті. Бюллетеньдерді беру тәртібі, үгіт-насихат ақпаратын орналастыру, дауыс беру процесін ұйымдастыру, дауыстарды санау тәртібіне қатысты заң талаптарын бұзу деректері болмады. Сондықтан осы нәтижені халықаралық байқаушылар тобы қорытындысында бекеттік.

Түркі мемлекеттері ұйымы атынан келген байқаушылар да Қазақстандағы сайлауға өз бағасын берді. Ұйым бас хатшысының орынбасары, Сади Джафаров саяси дода барысында ешқандай кемшілік болмағанын айтты. Байқаушылар кеше 32 сайлау учаскесінде болып, талдау жүргізген.

Сади Джафаров, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Учаскелердің ашылуы ұлттық заңнама талаптарына сәйкес іске асырылды. Жалпы, біздің миссия 32 сайлау учаскесіне барды. Біз тиісті мониторинг жүргіздік және оның барысында елеулі кемшіліктер болған жоқ. Атап айтқанда, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу заң талаптары аясында өтті.