АХҚО-ның стратегиялық жоспары талқыланды

Ақорда

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ренат Бектұров орталықтың инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерін дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жайлы баяндады. Сондай-ақ еліміздің көмірсутегі бейтараптығына жету жолындағы Орталықтың рөліне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту үшін қажетті инфрақұрылым құрып, жағдай жасауда, сондай-ақ қор нарығы мен ел экономикасын дамытуда халықаралық қаржы орталығының маңызын атап өтті.

Кездесу соңында Президент Орталықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді ауқымды жобаларға инвестиция тартуға күш салу қажеттігіне назар аударды.  

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Мемлекет басшысымен кездесу барысында Астана халықаралық қаржы орталығының 2022 жылғы жұмысымен таныстырдым, яғни, мысалға айтатын болсақ, орталықтағы компаниялардың саны 50%-ке асып, 1800 компаниядан асты. Ал біздің орталығымыздағы халықаралық сот және де арбитраж орталығының қызметінің көлемі 75%-ке асып, 1650-ден астам іс қаралып шешім қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысына жаңартылған стратегия барысында яғни жаңа инновация қаржы құралдары, оның ішінде вертуалды активтердің дамыту жұмыстары қалай атқарылып жатқанын және мемлекетіміздің көміртектік бейтараптыққа қол жеткізудегі орталықтың рөлі бойынша сөз қозғадым.