Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Қазақстан Шыңжаң өлкесімен өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм секілді көптеген бағыт бойынша табысты қарым-қатынас жасап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елмен стратегиялық серіктестік пен мәңгілік достық рухында жан-жақты байланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Сосын Қытайды Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның былтыр қазан айында Қазақстанға жасаған сапары өте сәтті болғанын айтқым келеді. Бұл СOVID пандемиясы салдарынан болған ұзақ үзілістен кейінгі бірінші сапар екенін атап өттік. Біз өте маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Екі елдің үкіметтері мен тиісті аймақ басшыларына ең жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды табысты жүзеге асыру міндеті жүктелді.
Ма Синжуй, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы:
- Менің сапарымның негізгі мақсаты – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Сіздің араңыздағы маңызды стратегиялық келісімдерді жүзеге асыру. Біз Қытайдың бір өлкесі ретінде еліміздің батысындағы мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға жауаптымыз. Қазақстан – біз үшін өзара ынтымақтастықтың басым бағыты. Жалпы, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы Шыңжаң арқылы жүзеге асырылады.
Кездесу соңында Президент Шыңжаң басшысының Қазақстанға сапары өңіраралық байланысты тереңдетіп, оның бағыт-бағдарын нақтылай түсуге тың серпін беретінін атап өтті. Соңында Си Цзиньпиннің Қытай Халық Республикасының Төрағасы болып қайта сайлануына байланысты ізгі тілегін жолдады.