Қ. Тоқаев: Елде демократия нығая түсті

«Сайлауда партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді». Мұны Парламентінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы айтты.

Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті.

Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас өтті. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты.