ҚР СІМ Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаушылық білдірді
Қазақстан Таяу Шығыстағы Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға байланысты шиеленістің күшеюіне алаңдаулы.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Қасиетті Рамазан айы мен Пейсах мейрамы кезінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар аталған шиеленісті азайтуға бар күшін салады деген, үміт басым. Ресми өкілдің сөзінше, Қазақстан әрдайым діндер арасындағы диалогты нығайтуға шақырады. Әрі БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен шешуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайды. Естеріңізге сала кетейік, Израиль полициясы Құддыс-тағы Әл-Ақса мешітінде таң намазына жиналған жамағатқа шабуыл жасаған.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Қазақстан қасиетті «Әл-Ақса» мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына байланысты Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне қатысты өзінің алаңдаушылығын білдіреді. Қалыптасқан жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату іс-әрекеттерінен бас тартады деп үміттенеміз.