Сенаторлар «Қазақ газеттері» басылымының ұжымымен кездесті
Сенаторлар «Қазақ газеттері» серіктестігіне барып, басылым ұжымымен кездесті.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары редакциялардың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Кездесу барысында журналистердің елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы объективті хабар тарату жұмыстарының маңыздылығын айтты.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Ақпараттық доктринасына қол қоюы өзекті әрі маңызды оқиға болғаны айтылды.
«Бүкіл Қазақстан қоғамы үшін ұлттық мүддені қорғау және ілгерілету саласында «Қазақ газеттері» холдингіннің орны аса маңызды және оған кіретін басылымдардағы кәсіби журналистердің еңбегі ерекше маңызға ие. Сондықтан, сіздердің алдарыңызда еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен мемлекеттік идеологияны қолдау және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге негізделген маңызды міндеттер тұр. Бүгін біз дәл осы тақырыпқа байланысты сіздермен ашық әрі нәтижелі пікірлесу үшін кездесіп отырмыз», - деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.
«Қазақ газеттері» ЖШС басшылығы өз кезегінде басылымдардың жоспарлары мен мақсаттары туралы сенаторларға айтып берді. Депутаттар отандық газеттердің «Қазақ газеттері» деп бірыңғай бренд түрінде қайта құрылғаны туралы хабардар болды. Серіктестік құрамына: «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Теңге монитор», «Ұйгур авази», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» сияқты басылымдар кіреді.
Сенаторлар кездесу соңында көтерілген барлық мәселелер Сенатта «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелді дайындау және өткізу барысында пайдаланылатынын атап өтті. Сенаторлар осыған дейін «EL ARNA» телеарнасының алаңында болған болатын. Кездесулердің негізгі мақсаты мемлекеттік идеологияны қалыптастырудың негізгі мәселелерін талқылау болып табылады.