Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері өзара серіктестік жөнінде уағдаласты
Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш рекордтық 28 млрд доллардан асты. Алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей өзара тиімді серіктестікті нығайтады. Бұл жайында қос елдің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресейге ресми сапары Кремль алдында орналасқан белгісіз сарбаз бейітіне тағзым етумен басталды. Бұл мемориал өткен ғасырда Кеңес өкіметінің құрамында болған барлық ел үшін ортақ. Сұрапыл соғыс кезінде майдан даласында жан тапсырған белгісіз жауынгерлердің қатарында қазақ сарбаздары да бар.
Рәсімнен кейін Мұрат Нұртілеу Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Достастық лебізбен бір-бірін қарсы алған тараптар күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге тоқталды. Былтырдың өзінде Қазақстан мен Ресей президенттері 8 рет кездесті. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың барынша нық екенін білдіреді. Осылай деген Сергей Лавров парламентаралық байланыстардың да бекем екенін атап өтті. Жиын Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктерінің кеңейтілген құрамдағы келіссөздерімен жалғасты.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
- Ең таяу уақытта елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу үшін қажетті ресурстар мен алғышарттарымыз жеткілікті. Өздеріңіз білетіндей, тиісті мақсатты екі мемлекеттің көшбасшылары үкіметтер алдында қойды. Еңбекқорлықты талап ететін бұл міндетті біз Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы мен өңіраралық ынтымақтастық форумдардың әлеуетін пайдалану арқылы іске асыруға ниеттіміз.
Энергетика, бейбіт атом, газ салалары – екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің басым бағыттары . Бұл қос мемлекеттің де экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондай-ақ транзиттік тасымал мен логистика салаларын дамыту да өзекті.
Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:
- Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру мақсаттарымыз басымдыққа ие. Мәселен, қазіргі кезеңде белсенді жүзеге асырылып жатқан Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін айтуға болады. Жоба аяқталған соң, Балтық теңізі мен Парсы шығанағы, Үнді мұхиты арасында орнықты әрі жылдам байланыс орнатылады. Бұл өз кезегінде біздің ауқымды Еуразиялық континентіміздегі сауда-саттықтың кедергілерін айтарлықтай жеңілдетеді. Қазақстан да осы секілді жобаларға белсенді қатысып жатыр. Каспий теңізі арқылы өтетін көлік бағдарының жобасы бар.
Келіссөздер нәтижелі өтті. Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Рухани Асқар, тілші:
- Сергей Лавров екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік қарым-қатынастар одан әрі дамитынына сенім білдірді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты өзара тиімді бағытта нығайтады.
Қазіргі геосаяси ахуал төңірегінде өңірлік және халықаралық іс-қимыл мәселелері де назарда болады. Ал алдағы күзде Қостанай қаласында Қазақстан-Ресей өңіраралық форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр.