Елена Рыбакина: Мемлекет басшысына өз жоспарларыммен бөлістім
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің жетінші және Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президент Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен қазақстандық теннисшіні құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшілердің жетістігі өскелең ұрпақ арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға септігін тигізетінін де атап өтті. Қазір елімізде 30 мыңнан астам адам тенниспен шұғылданады. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Кездесуде Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені және жүрекжарды құттықтауларын жолдағаны үшін Президентке алғыс айтып, алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Айта кету керек, 14-15 сәуір күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Бұл кезеңде Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Ал кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады. Бұл ретте Президент халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданады. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, «10 жасқа дейінгі теннис» секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.
Елена Рыбакина, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Мемлекет басшысына өз жоспарларыммен бөлістім. Ертең Қазақстанда өтетін турнирде ойнаймын. Командамен бірге жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетеміз деп сенемін. Алдағы уақытта да мен жанкүйерлерімді өз жеңістеріммен қуантатын боламын.