М. Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының пленарлық отырысына қатысты
Ресей және басқа да ТМД елдерінің жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін оқытқан жөн. Мәулен Әшімбаев Санкт Петерборда осындай мәселе көтерді.
Сенат төрағасы осы мәселе бойынша ТМД аясында нақты қадамдар жасап, ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып конференция өткізуге шақырды. Сенат Спикері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 55-пленарлық отырысында сейсмикалық қауіпсіздік мәселесін де көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24». 8 мемлекеттің парламентшілері бас қосқан жиында тараптар тағы қандай тақырыпты талқылады?
Парламентаралық Ассамблеяның жалпы отырысында сөз алған Сенат Төрағасы тіл мәселесін көтерді. Халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқыту маңызды екенін айтты. Мәулен Әшімбаев Ассамблея аясында зиялы қауым өкілдерімен форум өткізуді де ұсынды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шет ел тілдері мен мәдениет кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады.
ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Қазақстанның бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Қауіпті болжап, қатердің алдын алу маңызды. Достастық елдері осы мәселені назарға алуы тиіс, - деді Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бүгінде сейсмологиялық, геофизикалық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыруда және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады.
Рухани Баужанова, тілші:
- ТМД парламентшілері екі күн бойы экологиялық қауіпсіздік, өндірістік қалдықтар мәселелерін ортаға салды. Одақтас елдер экономика салаларын цифрландыруды дамыту да маңызды екеніне тоқталды. Сессия жұмысында одан өзге, технологиялар трансфері, жасанды интеллектті қолдану жөніндегі модельдік заңдар талқыланды.
Жиында бас аяғы 30-ға жуық құжат қаралды. Ассамблея кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко: «Бұндай басқосулар – Достастық елдеріне ортақ мәселелерді келісе шешуге таптырмас мүмкіндік», - деді. Жиынға қатысушылар заңнамалық органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. Ал Қазақстанның ТМД-ға төрағалық кезеңі қорытындыланды. Бұл міндет енді Қырғыз Республикасына өтті.