Қ. Тоқаев: Тұрғындардың табысын көбейту керек
Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті.
Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттықта кедергі көбейді. Елдер арасында өзара сенім азайды. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстар үзіліп жатыр. Инфляция шарықтап тұр. Осыған байланысты Қазақстан азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшу қажет. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – осы геосаяси аймақта ауқымды, демократияны арқау еткен реформалар жолына түскен бірден-бір мемлекет. Сондықтан бізге оңай болмайды. Бірақ бұл жолды қалайда жүріп өтуге тиіспіз. Енді жұмысқа жұмыла кірісеміз. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана табысты жүзеге асыра аламыз.