Қазақстан мен БАӘ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Толеранттылық, әртүрлілік және экономикалық интеграция. Әбу-Дабиде өтіп жатқан XII инвестициялық жиын аясында бұл тақырыптар тереңінен талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің министрліктері арасында толеранттылық құндылықтарын насихаттау бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды
Түрлі сала дамысын, экономикалық интеграциялар беки түссін, бірақ түсіністік, келісім, қабылдау, бір сөзбен толерантты қатынас болмаса, «есеп білгеннің де есесі түгел» болуы екіталай. Әмірліктердің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі Мубарак Аль Нахайян форумның алғы сөзін осылай бастады.
Нахаян бен Мубарак Әл Нахайян, БАӘ-НІҢ Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі:
- Әрбір елдің Үкіметі қоғам құндылықтарын қалыптастыра алады. Оған біздің көзіміз анық жетті. Мемлекеттік институт ретінде тиісті заң қабылдай аламыз, толеранттылық пен плюрализммен сипатталатын институттарды құрып, ынталандырып, ықпал ете аламыз. Қоғамның құндылығы мен әлемнің алуан түрлілігі бөлінуге емес, керісінше, қоғамдар мен мемлекеттерді біріктіру, нығайту үшін қызмет етуге тиіс.
Шейх Аль Нахайян сөз ретін қазақстандық әріптесіне жолдады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі адами бауырластық, татулық пен толерантты қатынас – елдің ең басты құндылығы, Әмірліктерді көпэтносты мәдениетаралық және дінаралық орталық ретінде әлемге паш еткен «толеранттылық жылы» моделі Қазақстанның ұстанымымен үндес екенін айтты.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту үшін құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық бірлік пен баршаға тең мүмкіндік беретін толерантты қоғам құрудағы негізгі институттың біріне айналды. Бүгінде Ассамблеяның түрлі институттары табысты жұмыс істеп, көпұлтты халықтың бірігуі мен кірігуіне жаңа серпін берді. Бұл институттың төрағасы ел Президенті екенінің өзі Мемлекет басшылығының толерантты, «бірлігіміз – әралуандықта» (diversity) деген ұстанымға ие, плюралистік әрі инклюзивті мемлекет құрудағы көзқарасын көрсетеді деп ойлаймын.
Толеранттылық бір ауыз сөз болғанымен, түсінгенге – тым терең. Форумға қатысқан әрбір елдің өкілі өткен мен бүгінгінің оң тәжірибесін сабақ қып өз қоғамымызда толеранттылық мәдениетінің ілгерілеуіне ықпал етеміз деп сөз байласты. Құр сөз емес, мәміле құжат – меморандумға қол қойды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның толеранттылық туралы түсініктері сәйкес келеді. Елімізде жетінші мәрте діндер съезінің өткізілуі, жалпы тәуелсіздік алғалы бері түрлі этностардың бейбіт өмір сүріп жатуы, жақында ғана Президенттің Қазақстан Халқы Ассемблеясында берген тапсырмаларының барлығы да осы форумда айтылған сөздермен сәйкес келеді. Сондықтан жалпы Қазақстанның ұстанымын форумға қатысушылар жылы қабылдады.
Қазір – ізашар дәуір. Әлем жаһанданып, діндер мен мәдениеттердің араласуы дәуірінде диалогқа балама болар ештеңе жоқ. Халықаралық экономикалық қатынас, серпінді техникалық прогресс әлемнің бет бейнесін түбегейлі өзгертіп жатса да, адамзат үшін өзгермейтін ұғым бар – рухани адамгершілік сипат. Бізге Абай айтып қалдырған: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Бұл – бүгін әлем үшін маңызды сөз.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс.