Өңірлік және әскери бөлімдер бас қолбасшыларының дайындығы пысықталды
Алматы облысындағы Іле әскери полигонында еліміздің қарулы күштерінің басшылығымен оқу-әдістемелік шара өтіп жатыр.
Оқу-жаттығу барысында өңірлік және әскери бөлімдер бас қолбасшылары мен командирлерінің дайындығы пысықталды. Аға офицерлік құрамды оқытуда қарулы қақтығыстар барысындағы әдіс-тәсілдерге басымдық беріледі.
Қазақстандық десантшылар дайындалатын Іле полигоны Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше күн бұрын мұнда жер астында орналасқан әскери қалашық пайда болды. Штаб, байланыс бөлімшелері, далалық госпиталь, тамақтану бөлімшесі және әскери техниканы жөндеу аймағы жер астына мұқият жасырылған. Жоғарыдан ештеңені байқау мүмкін емес. Тіпті, кейбір маңызды нысандар ұшқышсыз құрылғылардан белгі беру датчиктері арқылы қорғалған. Биыл офицерлерді оқыту әдістемесі қарулы қақтығыстарды ескере отырып жасалған.
Руслан Мұздыбаев, жауынгерлік даярлық департаменті басшысының орынбасары:
- Мұнда Сирия, Украина, Ирактағы әскери жағдай тәжірибеде қолданылады. Өйткені барлық жер астындағы командалық пункттер аман қалуға, соғыс қимылдарына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Қолбасшылар осыны көріп үйрену үшін осы оқу-жаттығулар өтіп жатыр.
Бұл оқу-жаттығулар қарулы күштердің басшылық құрамына арналған. Негізгі міндет қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу әдістерін, бөлімшелер арасындағы байланыс, жедел-тактикалық басқару мен өзара әрекетті ұйымдастыру. Шара барысында офицерлер оқ ату жаттығулары бойынша дайындықтан өтеді.
Бауыржан Артықов, ҚР ҚК жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы:
- Басқару пунктінде офицерлердің жұмыс істеуін көрсетіп жатырмыз. Бұл жиынның қорытындысы қысқы оқу жаттығудың қорытындысы болады. Одан кейін Қорғаныс министрінің кеел жатқан жазғы оқу жылына тапсырмасы бар.
Шара Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының басшысы генерал-лейтенант Марат Хұсайыновтың жетекшілігімен өтті. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл оқу-әдістемелік жиын қолбасшыларға жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Абен Нарынбаев